Бас ауруы (цефалгия) – барлық жастағы адамдарда кездесетін аурудың ең көп таралған және ауыр түрлерінің бірі.

Бас ауруы (цефалгия)

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, әлемдегі ересектердің шамамен 50%-ы жылына кемінде бір рет бас ауруын сезінеді, ал ТМД елдерінде бұл көрсеткіш 60% құрайды [1]. Симптомдарды дұрыс басқару және өмір сапасын жақсарту үшін жағдайдың себептері мен емдеу әдістерін түсінудің маңызы зор.
 
ДДҰ статистикасына сәйкес, бас ауруы уақытша еңбекке жарамсыздықтың ең көп таралған себептерінің бірі болып табылады. Әлемде 1,7 миллиардтан астам адам бас ауруынан зардап шегеді, бас сақинасы шамамен 1 миллиард адамда кездеседі [2]. ТМД елдерінде бас ауруы маңызды медициналық және әлеуметтік проблема болып табылады, бұл жұмысқа бара алмай қалуға және өнімділіктің төмендеуіне байланысты айтарлықтай экономикалық шығындарға әкеледі.

Бас ауруының негізгі себептері мен симптомдары

Бас ауруы бастапқы сипатта болуы мүмкін, яғни басқа аурулармен байланысты емес немесе қайталама сипатта, яғни басқа аурудан туындаған болуы мүмкін. Бас ауруының ең көп таралған себептері келесідей:

  • Бас сақинасы – бүлкілдейтін ауырсынумен сипатталады, көбінесе бастың бір жағы ауырып, жүрек айну, құсу, жарыққа қарай алмау және дыбысқа төзе алмау сияқты белгілері болады.
  • Кернемелі бас ауруы – көбінесе күйзеліске немесе шаршауға байланысты бүкіл бастың қысып немесе солқылдатып ауыруы.
  • Кластерлік бас ауруы – әдетте бір көздің айналасындағы қарқынды ауырсыну көздің сулануымен және мұрынның бітелуімен бірге жүруі мүмкін.
  • Қайталама бас аурулары – синусит, бас жарақаттары, инфекциялар, гипертония және басқа медициналық жағдайлардан туындауы мүмкін. 

Бас ауруын емдеу оның түріне және себептеріне байланысты. Дәл диагностикалау және тиісті ем тағайындау үшін дәрігермен кеңесудің маңызы зор, өйткені дәрі-дәрмектерді өз бетімен қабылдау асқынуға және ауырсыну синдромының созылып кетуіне әкелуі мүмкін.

Бас ауруын емдеуге арналған негізгі препараттар топтарының бірі – стероидты емес қабынуға қарсы препараттар (СЕҚҚП). СЕҚҚП қабынуға қарсы, анальгетикалық және қызу түсіретін әсерге ие, сондықтан оларды әртүрлі бас аурулары кезінде тиімді пайдалануға болады [3].

Бас ауруын емдеудегі СЕҚҚП артықшылықтары
  • Ауырсынуды басатын әсері – олар циклооксигеназа (ЦОГ) ферменттерін бұғаттайды, бұл қабыну мен ауырсыну процесіне қатысатын простагландиндердің түзілуін азайтады.
  • Қабынуға қарсы әсері – қабынуды азайтады, бұл әсіресе қабыну процестерімен байланысты бас сақинасы мен бас аурулары үшін маңызды.
  • Қызу түсіретін әсері – дене температурасының жоғарылауымен қатар жүретін бас аурулары кезінде тиімді.

СЕҚҚП қолдану бас сақинасы, кернемелі бас ауруы және кластерлік бас ауруы кезінде тиімді болып саналады. Алайда СЕҚҚП ұзақ және бақылаусыз қолдану асқазанның шырышты қабығын тітіркендіріп, жаралар мен бүйрек функциясының бұзылуы сияқты жанама әсерлерге әкелуі мүмкін [4]. Сондықтан емдеу тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін терапияны тағайындау мен бақылауды дәрігер жүргізуі тиіс.

Әдебиет
  1. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (2020). Бас ауруы.
  2. Global Burden of Disease Study 2019. (2020). Institute for Health Metrics and Evaluation (IHME).
  3. Silberstein, S. D., et al. (2012). Evidence-based guideline update: pharmacologic treatment for episodic migraine prevention in adults. Neurology, 78(17), 1337-1345.
  4. Roth, S. H. (1996). Nonsteroidal anti-inflammatory drug gastropathy: etiology and management. Journal of Gastroenterology, 91(5), 20-27.